Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ — ТАҒДЫРЫҢДЫ ТАҢДАУ

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ — ТАҒДЫРЫҢДЫ ТАҢДАУ

Орта және кәсіптік білім беретін мекемелердің, жоғары оқу орындарының түлектері үшін биылғы жыл оңай болған жоқ. Әлем халқының басына туған ауыр жағдайға қарамастан қиындықтарды еңсере отырып, оқу жылын аяқтағалы отырмыз. Қашықтан оқыту үдерісі оңтайлы ұйымдастырылды. Тіршілік өз ағымымен жалғасуда. Енді мектептер мен кәсіптік білім беру ошақтарының түлектері жоғары білім алуы тиіс. Түлектер үшін болашағын айқындайтын мамандықты дұрыс таңдай білуі аса маңызды.

 Қазір университет мектеп бітіруші түлектерді өз шаңырағына қабылдауға дайындалуда. Бұл дәстүрлі үрдістің маңыздылығы жылдан-жылға артып, түлектердің мамандықты дұрыс таңдауына өз үлесімізді қосқымыз келеді. М.Қозыбаев атындағы СҚУ мектеп түлектері үшін туған жерінен ұзамай, ата-анасының жанында жүріп, сапалы білім алудың ең ұтымды жолын ұсынады. Екіншіден, бізде білім берудің, кәсіпке баулудың сапалы да озық тәжірибесі қалыптасқан. Үшіншіден, еліміздің үздік жоғары оқу орындарымен тереземіз тең. Білікті кадрларды даярлайтын оқу орны Қызылжар өңірінің инновациялық дамуына өлшеусіз үлес қосып, ғылым мен мәдениеттің, білімнің орталығына айналды. Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орнының ұжымы 83 жылдық жылнамасында толайым табыстар мен жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, абырой биігінен көрінді.
Өңір тұрғындары жоғары оқу орнының соңғы жылдардағы көрсеткіштеріне куә. Мәселен, “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздің барлық жоғары оқу орындары түлектерінің жетістіктерін тексеріп, бағалау үшін олардың жұмысқа орналасуы мен жалақы көлемін, жұмыс берушілердің пікірін білу үшін сауалнама жүргізді. М. Қозыбаев атындағы СҚУ палатаның бағалауынан сүрінбей өтіп, үздік 10 университеттің қатарынан көрінді. Осы жетістіктің өзінен-ақ, біздің түлектер еңбек нарығында сұранысқа ие екенін көруге болады. Қазақстанның солтүстік өңірінің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын университетте сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалуда. Алдағы уақытта заманауи үлгіде инновациялық құрал-жабдықтар орнатылған жаңа оқу корпусын салуды жоспарлап отырмыз.
Университет ұжымы студенттерді ғылыми іс-шараларға үздіксіз қатыстыра отыра еліміздің ертеңіне жаңаша көзқараспен қарайтын тұлға тәрбиелеуде. Студенттер мен магистранттар университет қабырғасында жүріп, түрлі зерттеулер мен эксперименттерге, конференциялар мен семинарларға қатысып, өздерінің қабілет-қарымын ғылы-митанымдық тұрғыда бағамдап, білім көкжиегін кеңейтуде. Республикалық, халықаралық байқауларда елдің, өңірдің намысын қорғаған студенттеріміз қаншама?! Заманауи инновациялық құралдармен жабдықталған зерттеу орталықтары студенттердің білімі мен білігін жетілдіруге зор үлес қосып отыр. Мәселен, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің обсерваториясы студенттердің ғана емес аспан әлеміне ынтызар өңір тұрғындарының сүйікті орталығына айналды. Астрофизикалық орталықта елімізде сирек кездесетін телескоп орнатылған. Обсерваториядағы сандық планетарий да студенттердің қызығушылығын арттырып, өзгелерден озық екенін айшықтай түседі. Болашақ журналистердің студент кезінен бастап тәжірибе жинақтауы үшін медиаорталық ашып, олардың дайындаған материалдары “QYZYLJAR” облыстық телеарнасында көрсетілуі сапалы маман даярлауға зор мүмкіндік береді.
Университет түлектері оқуын 36 мамандық бойынша магистратурада және 6 мамандық бойынша докторантурада жалғастыра алады. Бұдан бөлек, жыл сайын Білім және ғылым министрлігі өзге жоғары оқу орындарының докторантурасында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алу үшін мақсатты орындар бөледі. Студенттеріміз академиялық ұтқырлық арқылы шетелдердің жоғары оқу орындарында да білім алып, біліктіліктерін дамытуда. Осындай тәжірибені сәтті жүзеге асырып, Ресейдің және алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнаттық.
М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенттері – шығармашыл, креативті, ұтқыр, жан-жақты білімді болып келеді. Жаңашылдыққа, өзін-өзі жетілдіруге құмар жастардың белсенділігі университет тіршілігін жандандыра түсері анық. Жалындаған жастарды дамыту, зияткерлік деңгейін көтеру үшін олимпиадалар, байқаулар, конференциялар, “дөңгелек үстелдер”, экспедициялар, тәжірибелік іссапарлар, білім алушылардың дәстүрлі кездесулері ұйымдастырылады. Көпшілікпен жүздесу, білім додалары, табиғат аясындағы өмір, алау маңындағы жиындар жастық жалынның көрігін қыздыра түсері анық.
Университет – белсенді жастардың ордасы. Олар жоғары білім ала жүріп, өздерінің рухани әлеуеттерін дамытады, қоғамға пайдасын тигізудің бағыт-бағдарына үйренеді. Жоғары көрсеткіштерге жеткен студенттерге қошемет көрсету тетігі де қарастырылған. Әсіресе, коммерциялық негізде білім алып жүргендерге түрлі оқу гранттарына қол жеткізу мүмкіндіктері жасалған. Дәлірек айтсақ, әр семестрдің соңында студенттер ректордың, академик М.Қозыбаев атындағы және Елбасы – Тұңғыш Президент қорының гранттарына ие бола алады.
М. Қозыбаев атындағы СҚУ – бұл болашағына сенім артқан жастар үшін үлкен өмір мектебі. Солтүстік өңірдің білім ордасын бітірген түлектер еліміздің еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Біздің түлектер білімі мен біліктілігін қолдана отырып, түрлі қызметтерге оңай орналаса алады. Еліміз бен өңірімізге танымал ұлағатты ұстаздар, білікті журналистер, заңгерлер, экономистер, аудармашылар, спортшылар, ауыл шаруашылығы мамандары және тағы да басқа өз саласының майталмандары осы білім ордасынан түлеп ұшты.
Білім, біліктілік пен кәсіби дағдылар адамның тағдырында шешуші рөл атқаратыны белгілі. Демек, ғылым салаларын, қарқынды дамыған технологиялардың жаңашылдықтарын үйрену мен түйсіну әр адамға жауапты да күрделі міндеттер жүктейді. Жалпы білім беру арқылы шығармашылық, өзіндік көзқарасы мен ұстанымы бар, жауапкершілігі мол тұлғаларды қалыптастыруды мақсат тұтамыз.

 

Ербол ИСАҚАЕВ,
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан
университеті ректорының міндетін атқарушы. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика