Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ЗАМАН ТАЛАБЫ

ЗАМАН ТАЛАБЫ

Цифрландыру – бәсекеге қабілетті болуды және халқының тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеруді мақсат тұтқан әлем мемлекеттері жаппай ұстанып отырған жаңашылдық. Аталған үрдіске ілеспеген жағдайда мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болатындығы сөзсіз. Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды міндет. Қазірдің өзінде дамыған елдер экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңалық енгізді. Жаһанды жаулаған пандемия кезінде қоғам цифрландырудың парқын тереңірек түсінгендей.

Бір сәтте экономикалық, әлеуметтік маңызы зор нысандар қашықтан жұмыс істеуге көшкенде цифрлық мүмкіндік те, тұрғындарының бұл саладағы сауаттылығы да айқын сезілді. Әсіресе, білім саласы қашықтан оқытуға көшкен кезде әуелі қоғам тарапынан түсініспеушіліктер болғанымен, бірер аптадан кейін бұл жаңашылдықты да меңгеріп алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында білім беру ісін оңтайландыруды, барлық оқу орындарында цифрландыру жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Бұл тапсырма толығымен жүзеге асса, талай жылдан бері айтылып келе жатқан инновациялық білім беруге бір табан жақындарымыз анық.
Елімізде электронды оқыту – білім жүйесінің инновациялық дамуының басты бағыттарының бірі болып есептеледі. “Білім туралы” Заңның 8-бабында “Білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі – оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу” деп атап көрсеткен. Бүгінде мен қызмет ететін Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенттері “SOVA” және “ZOOM” порталдары арқылы қашықтан білім алуда. Жалпы біз бұл порталдарды 2018 жылдан бері қолданып келеміз. Тәжірибе бар болғандықтан оқытушылар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отыра сабақты сапалы, қызықты және ұтымды өткізуде. Мемлекет басшысының педагогтарды қазіргі заман талабына сәйкес даярлау қажет деген тапсырмасы осы мәселені меңзеп тұрғаны анық. Уақыт көшінен қалмау үшін заманауи үрдістерді игере білген педагог осындай айтып келмейтін жағдайларда да өз міндетін жоғары деңгейде орындауға даяр болады. Педагогтар қауымының өз міндетін сапалы орындауы үшін білім саласының да технологиялық мүмкіндіктері лайық болуы тиіс. Қашықтан сабақ берген уақыт ішінде “SOVA” платформасы тиімді екеніне көзіміз жетті. Оқытушы да, студент те сабақ уақытын тиімді пайдаланады, баланың сапалы білім алуы ата-ана бақылауында болғаны да өз нәтижесін беруде. Қазіргі жастардың технологияға икемділігі жоғары болғандықтан, олар үшін қашықтан білім алу еш қиындық тудырмайды. Барлығы платформаны қалай дұрыс қолдану қажеттігін меңгеріп алды. Сонымен қатар порталда электронды журнал, тапсырма беру, тест жүргізу, бейнесабақтар өткізу қарастырылған. Сондықтан қашықтан оқыту үдерісі бір жүйеге келді деуге толық негіз бар. Алдағы уақытта бұл жүйенің де мүмкіншіліктері артып, ұстаздар қауымының сабақ беру шеберлігі де жетіле түсері сөзсіз.


Сәкен КӘКЕН,
Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің оқытушысы.
 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика