Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ АУЫЛДА ОҚУ САПАСЫ ҚАЙТСЕК АРТАДЫ?

АУЫЛДА ОҚУ САПАСЫ ҚАЙТСЕК АРТАДЫ?

Білім беру мәселесі қай кезде де өзекті. Еліміздегі барлық мектептің 75 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан. Түптеп келгенде, орта білімнің деңгейі ауыл мектептерінің жалпы жағдайына, білім сапасына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Жолдауында бұл мәселеге ерекше тоқталып, қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білім сапасының алшақтығына, педагог кадрлардың тапшылығына басты назар аударған болатын.

Оқушылардың жетістіктерін сырттай бағалау нәтижесі ауыл балаларының қаладағы оқушылардан артта қалғанын көрсетіп отыр. Жаратылыстану және математика бағытында білім сапасын анықтайтын PISA халықаралық зерттеу қорытындысы 19-26 ұпай-ға қалып қойғанын көрсеткен. Қала мен ауыл мектептері оқушыларының оқу жетістіктері арасындағы айырмашылық жыл сайын ҰБТ қорытындысынан да анық байқалады. Сол себепті Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген негізгі міндеттердің бірі – білім сапасының алшақтығын жою. 
Педагог-ғалымдар бұл мәселенің салдарымен емес, себебімен күресу қажет екенін талай рет айтқан. Бұл алшақтықтың басты себебін педагогтардың кәсіби және біліктілік деңгейімен байланыстырған жөн. Шын мәнісінде, мықты мамандар ауыл мектептерінде де баршылық. Алайда, ауылдардағы, әсіресе, шағын жинақты мектептердің жалпы жағдайы мен жабдықталуы, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша барған мұғалімдерге жағдайдың жасалмауы – ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін толыққанды пайдалана алмау сияқты мәселелер көп себептің бір парасы. 
Мәселені шешудің қандай тиімді жолы бар, ол қандай нәтиже береді деген мәселеге тоқталсақ. Әрине, Үкімет тарапынан ауылдардағы білім ошақтарына көрсетіліп жатқан қолдау мен көмек қомақты. Жуырда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: “Қалалық және ауылдық мектептер, өңірлер, оқу орындары арасындағы білім сапасының алшақтықтығын қысқарту бойынша “Мобильді мұғалім”, “Уақытша отбасы” қанатқақты жобасын енгізу, ауылдық мектептерден дарынды балаларды анықтау және қолдау, ауылдық жалпы білім беретін мектептерді оқыту материалдарымен, компьютерлік жабдықтармен және цифрлық техникамен жарақтандыруды көздеп отырмыз», – деді. Осы айтылған жобалар жүзеге асырылып, жемісін берсе, әрине, жақсы нәтижеге қол жеткізілері анық. 
“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ-ы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты да осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде. Ауыл мектептерінің, әсіресе, шағын жинақты мектептер педагогтарына арналған курстар өткізілгенін айта кеткен жөн. “Ауыл – ел бесігі” арнайы жобасы аясында желтоқсан-мамыр айлары аралығында ауыл мұғалімдерін әдістемелік қолдау мақсатында алты сессиялық вебинар ұйымдастырылды. Сессиялар барысында өзекті мәселелер қарастырылды, мәселен, шағын жинақты мектептерде оқу үдерісін ұйымдастыру мәселелері мен ерекшеліктері, ауыл мектептерін дамытуда ресурстық орталықтардың маңызы, критерийлік бағалау, ауыл мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамытудың тиімді жолдары айтылды.
Әлеуметтік серіктестік аясында вебинарлар жұмысына Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы шағын жинақты мектептерді дамыту орталығының директоры Гүлнұр Құдайберген, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова, “Үш өлшемді әдістемелік жүйе” педагогикалық технологиясының авторы, ғалым, профессор Жаумбай Қараев қатысты. Осы тұрпаттағы оқыту семинарларының тиімділігі – олардың қолжетімділігінде. Қашықтан оқыту арқылы мұғалімдердің уақыты мен қаражаты үнемделді. 
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың 11 мамырында Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде білім беру ісін барынша оңтайлы ету, қашықтан оқытудың заманауи технологиясын енгізу, әдістемелерін әзірлеу, білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарап, оны қолжетімді және интерактивті ету қажеттілігін айтқан болатын. 
Біліктілікті арттыру жүйесінде қашықтан оқытуды ұйымдастырудағы маңызды кезең – виртуалдық (синхрондық немесе асинхрондық) өзара іс-қимыл. Синхрондық өзара іс-қимыл курс барысында оқытушы мен тыңдаушының нақты уақыт режіміндегі қатынасын білдіреді. Сол себепті филиалда педагогтардың ғана емес, оқытушы-тренерлердің цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында және қашықтан оқытудың заманауи платформаларын қолдану бойынша да семинарлар ұйымдастырылады. 
“Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығы облыстық филиалының ұжымы ауыл мектептерімен тығыз байланыста жұмыс істеп, мұғалімдерді қолдауға әрдайым дайын.

 

Ақмарал ІЛИЯСОВА,

“Өрлеу” БАҰО АҚФ педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы. 

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика