Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Мен жарты ғасырға жуық саналы ғұмырымды шәкірт тәрбиелеуге арнаған адаммын. Бүгінде ардагер ұстазбын. Осынау қызығы мен қиындығы мол ұстаздық еңбек жолында білім беру саласының дамуына шама-шарқымша үлесімізді қосып, талай жақсымен таныстым. Солардың бірі – Маташ Есмұханов. Шәкірт бойына білімнің шұғыласын шашу жолында тәжірибесі мол, білікті де білімді ұстаздан үйренгенім көп болды.

“Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді” демекші, өнегелі өмір жолын ғылымға арнаған Маташ Есмұханұлының менің өмірімде алатын орны ерекше. Оның ғылым, білім саласына қосқан үлесін сөз етпес бұрын, алдымен өмір жолына тоқталып өткенім жөн болар. Әкесі Есмұхан екі иығына екі адам мінгендей, төртпақ келген батыр тұлғалы адам болғанын оның өз аузынан талай естіген едім.
Маташ Есмұханов 1929 жылы бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Қызыл ту ауданының (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы) Сатай ауылында дүниеге келді. Туған жері Ресеймен шекаралас тұрғандықтан, ол Омбыда білім алды. Орта мектепті де сонда тамамдап, педагогикалық училищеде оқыды. Ең алғаш еңбек жолын ұжымшардан бастаған ол кейін осы облыстың Шарбақкөл ауданындағы еліміздің талай атақты тұлғаларын тәрбиелеген Томар орта мектебінде жұмыс істеді. Кейін алыстағы Алматыға арман қуып барған Маташ Есмұханов Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтта білім алып, Өскемен, Қостанай, Талдықорған қалаларындағы жоғары оқу орындарында оқытушы болды. Кейін Алатаудың баурайына оралып, 1968 жылы Қазақ қыздар институтында сабақ беріп, физика-математика ғылымдары бойынша диссертация қорғады. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде ғылым докторы, доцент бола жүріп, лауазымды қызметке ұсынылды. Қазақ КСР Білім министрлігінің педагогикалық оқу орындары басқармасының бастығы болды. Кейін іскерлік қабілетімен көзге түскен ол Куба Республикасы жоғары педагогикалық институты ректорының кеңесшісі болып жұмыс істеді. Алайда, ол өзінің білім-білігін, күш-жігерін туған елінің болашағы мен өркендеуіне жұмсауды жөн көрді. Сөйтіп, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елге оралып, ғылым жолында аянбай тер төкті.
Бұрын әрбір ұстаз газет-журнал оқуға ынталы еді. Мерзімді басылымдарды асыға күтіп, әрқайсысына шолу жасайтынбыз. Бірде “Көкшетау правдасы” газетінде оның көлемді мақаласы жарияланды. Ол сол уақытта докторлық диссертация қорғауға дайындалып жүрген. Ал мен бұрынғы Ленинград ауданындағы (қазіргі Ақжар ауданы) Ащыкөл орта мектебінде математика пәнінен балаларға сабақ беретін едім. Баспасөзде жарияланған мақаланы оқыған соң, оны Көкшетауға арнайы іздеп бардым. Бұл 1997-1998 жылдар болатын. Көкшетау педагогикалық институтында жұмыс істейді екен. Аз-кем сөйлесіп, танысқан соң, ол маған өзінің жасаған оқыту бағдарламасы бойынша облыстық мектеп-интернатта тағылымдамадан өтуге ұсыныс білдірді. Ленинград аудандық білім бөлімінен рұқсат алып, мен бір ай Көкшетауда тағылымдамадан өттім.
Ол терең білімді азамат еді. Оқушылардың жанашыры ретінде әр баланың жағдайын ойлайтын. Бір айдың ішінде, оны жақсы тануға мүмкіндік туды. Бұрыннан таныс адамдай бір-бірімізге бауыр бастық. Сабақты талқылап, жиі пікір алмасатын едік.
Ғалым-ұстаздан көп нәрсені үйрендім. Оқытудың құрылымдық әдісін меңгеру маған оңай болған жоқ. Көп ізденіп, ерінбей еңбек етудің нәтижесінде оқушыларға есеп шығарудың түрлі әдіс-тәсілдерін үйреттім. Тәлімгерімнің талабы бойынша бір сыныпта он екі оқушыдан артық болмауы тиіс. Өйткені, бала саны одан көп болса, әрқайсысына сабақты түсіндіру қиынға соғады. Әйтеуір, 7-сыныпта оқитын он екі бала іріктелді. Маташ Есмұхановтың әдіс-тәсілін қолданып, әр баламен жеке-жеке жұмыс істедім. Біраз уақыттан кейін оқушыларымның математика пәніне қызығушылығы арта түсті. Күн сайын кешке балалар үйге жиналып, есеп шығаратын. Әр оқушының мінез-құлқы, ойлау қабілеті әртүрлі болады. Жұмыс барысында оны да ескереміз. Бүгінде сол шәкірттерім жоғары қызметтер атқарып жүргенін мақтанышпен айтқым келеді.
Кейін білім ордасына Маташ Есмұхановты шақырып, математика пәнінен семинар өткіздік. Облыс деңгейінде өткен шараға мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру институтының мамандары мен бұрынғы Ленин, Қызыл ту, Ленинград, Чкалов, Щучье аудандарынан ұстаздар қатысты. Кеңшар директорынан бастап, мектеп әкімшілігі мен ата-аналар жан-жақты қолдау көрсетіп, сырттан келген меймандарды абыроймен қарсы алдық. Сөйтіп, математика мен геометрия пәндерінен ашық сабақ өткіздім. Семинар қорытындысы бойынша әріптестерім жоғары баға берді. Содан кейін біз тіпті, жақын араласып кеттік. Сыйластығымыз достыққа ұласты.
Ол докторлық жұмысын сәтті қорғап шықты. Кейін мені аталмыш жоғары оқу орнының басшылығы оқытушылық қызметке шақырды. Алайда, әртүрлі себептермен институтта жұмыс істеу маған бұйырмады. Маташ Есмұханұлымен ол өмірден өткенше жақсы араластық. Өте ақылды, білімді, өз ісінің білгірі еді. Ешқашан біреуге дауыс көтерген емес. Жаны таза, сыпайы, жібек мінезді адам болатын. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын. Адамгершілігі мол азаматтан біз де үлгі алуға тырыстық. Ол 2006 жылы келместің кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. Ұстаздың артында саналы ұрпақ қалғанына шүкір. Ортаншы ұлы Асқар қайтыс болса да, Абылай мен Мұрат әке атына кір келтірмеуге тырысуда.
Қанатымен су сепкен қарлығаштай мыңдаған шәкіртті тәрбиелеп, ғылымның дамуына атсалысқан оның еңбегі өлшеусіз. Сондықтан талай жақсыны құндақтаған туған жері Уәлиханов ауданында оның есімі бір көшеге беріліп, өмірінің соңына дейін қызмет атқарған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде дәрісхана ашылса, ұстазға деген құрметтің үлгісі болар еді.

 

Приден БЕЙСЕМБАЕВ,
Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздік қызметкері.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика