Сіз мындасыз: Home BILIM BERÝ ОҚЫТУДЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖҮЙЕСІ бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді көздейді

ОҚЫТУДЫҢ ҰЛТТЫҚ ЖҮЙЕСІ бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуді көздейді

Өткен жылдың соңында Үкімет білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бұл осыған дейін қабылданған бағдарламалардың заңды жалғасы ғана емес, жылдар бойы қордаланған мәселелерді шешу жоспары болып табылады. Бұлай дейтініміз, жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 20,1 пайызы Қазақстандағы білім жүйесінің дамуына қанағаттанбайтындығын, ал 7,5 пайызының мүлдем көңілі толмайтындығын көрсеткен. Ал жаңадан мақұлданған бағдарламаның басты мақсаты – қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оқыту мен тәрбиелеу барысында жалпы адамзаттық құндылықтарға мән беру, ғылымның ел экономикасына қосатын үлесін ұлғайту.

Білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мектепке дейінгі және мектептегі, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді тегіс қамтиды. Бағдарламада 5 басым бағыт нақтыланған. Әрқайсысы бойынша шешілуге тиісті 11 ауқымды жүктеме ұсынылған. Бұл жүктемелер орындалса, мектепке дейінгі деңгейде-ақ қалған кезеңдерде жоғары нәтижеге қолжеткізуге мүмкіндік беретін біртұтас тәсіл қалыптасады. Бұл тәсіл білім берудің үздіксіздігін сақтайды және, ең бастысы, талап етілетін педагогикалық ойлаудың тұтастығын қамтамасыз етеді. Әрі мұғалімдер шәкірттеріне үздіксіз білім беру жүйесін жаңғырту жайына алаңдамайтын болады.
Колледж студенттері кәсіби құзыреттіліктерін дамытуы тиіс. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кезеңде студент алған білімін мамандықтың негізін қалауға жұмсауы және өзін-өзі тәрбиелеуді тереңдетуге мүмкіндік беретін 5 оқу нәтижесін көрсетуі керек. Оның ішінде аралас немесе жаңа мамандықты игеру мүмкіндігі бар. Осы уақытқа дейін жоғары білім берудегі “Түлектердің дағдылары” индикаторы бойынша Қазақстан 141 елдің ішінде 95 орынға тұрақтады, ал жұмыс берушілердің 70 пайызы олардың біліктілігіне қанағаттанбады. Сондықтан 11 бағдарламалық тапсырманың негізгі бағыты 6 тарауға бөлінген. Олар – теңдік пен сапа, студенттерді болашаққа дайындау, оқу орындарын жетілдіру, бағалау жүйесі, менеджмент, қаржыландыру. Бұл бағыттар дамыған елдердің білім беру саласына шолу жасай отыра белгіленді.
“Әлемдік білім беру кеңістігі” термині “ұлттық білім беру жүйелерінің жиынтығы” деген мағынаны білдіреді. Егер ұлттық білім беру жүйесі өз елінің серпінді және үйлесімді дамуын қамтамасыз етсе, онда ол тиімді. Бірақ ол сол ел үшін ғана тиімді болуы мүмкін. Ең жақсы әлемдік тәжірибені көшіріп алу елдің дамуын қамтамасыз етпейді. Осыны ескере отыра біз білім беру саласын ұлттық ерекшеліктерді сақтай отыра жетілдіруіміз керек.
Бағдарламада қосымша және бейресми білімнің қолжетімсіздігінен білім беру теңсіздігі айқын сезіліп отырғаны нақты көрсетілген. Ал қазіргі таңда қосымша білім берудің маңызы күннен-күнге артып келеді. Мәселен, ауылдық жердегі балалардың қосымша біліммен қамтылуы 35,5 пайызды ғана құрайды. Тұрмысы төмен отбасылардағы балалардың 68 пайызы, сонымен бірге ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндердің 54,7 пайызы ғана қосымша білім алып жүр. Олардың қосымша білім алуына ақылы қызметтердің басым болуы, қосымша білім беруді ұйымдастыру және оның оқушылардың оқу үлгеріміне әсерін бағалау жүйесінің болмауы, қосымша білім беретін 22 мың мұғалімнің біліктілікті арттыру мәселесі назардан тыс қалғаны кедергі болып отыр.
Осы орайда “Қосымша білім беру навигаторы” әзірленіп, іске қосылмақ. Еліміздің барлық өңірлерінде дебаттық орталықтар мен клубтар ашылады. Өскелең ұрпақты театр өнеріне тарту мақсатында “Балалар мен театр” ағартушылық жобасы іске асырылатын болады. Сондай-ақ, “Қоғамға қызмет” деген атаумен волонтерлердің әлеуметтік жобаларын іске асыру жоспарлануда. “Ашық жүрек” жобасы бойынша колледждерде волонтерлер клубтарын құру, өңірлік слеттерін өткізу қарастырылған. Студенттерді материалдық көтермелеу арқылы қоғамға пайдалы қызметке тарту үшін “Студенттік әлеуметтік кредит” жобасы іске асырылатын болады. Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін өзін-өзі басқару органдарына, студенттік парламенттерге, клубтарға, жастар ісі жөніндегі комитеттерге, волонтерлер мектептеріне, спорттық секциялар мен іс-шараларға тарту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Талапкердің академиялық жетістіктерінің (meritbased) ғана емес, оның әлеуметтік-экономикалық мәртебесінің (need-based) пайдасына мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу жүйесін қайта қарау жоспарлануда. Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында “Әлеуметтік шығындарға арналған жергілікті және республикалық бюджет көлеміндегі балалар бюджетін” есептеу әдістемесі әзірленетін болады. Балалар бюджеті – жас буынды қолдауға арналған республикалық және жергілікті бюджеттерден тұратын және мемлекеттің балалар мүддесі үшін шығынының тиімділігін бағалайтын шоғырландырылған бюджеттің өлшемі. Соған сәйкес балалардың әл-ауқатының индексі құрылды. Ол өмірлік маңызды салалар – материалдық әл-ауқатты, денсаулық, білім беру, қауіпсіздік пен қауіп-қатерді, әлеуметтенуді қамтиды. Мұндай индекс Қазақстанда 2018 жылы жасалды. Оны іске асыру қосымша тестілеуден кейін, яғни 2022 жылға жоспарланған.
Ойымызды түйіндер болсақ, еліміздің ұлттық білім беру жүйесін дамытуда 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының ұтымды тұстары көп. Бағдарламада көрсетілген кешенді шаралар жоспары жүзеге асырылса, көздеген мақсатқа жетеріміз анық.

 

Алма МЫРЗАЛИНОВА,
“Өрлеу” БАҰО” Солтүстік Қазақстан филиалының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.
Гүлзат ӘЛЖАНОВА,
“Өрлеу” БАҰО” Солтүстік Қазақстан филиалының
аға оқытушысы.  

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика