ОҚУШЫ ӨРЕСІН КӨТЕРЕТІН СӨРЕ

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Болашақ” қауымдастығының ұйымдастыруымен “Халық арасында кітап оқуды насихаттау” жобасының аясында “BolashaqBooks” кітап сөресінің ашылу салтанаты өтті. Аталған жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен “Азаматтардың бастамаларын қолдау орталығының” мемлекеттік гранты аясында жүзеге асырылуда.

“Болашақ” қауымдастығының жоба менеджері Жұлдыз Жүнісованың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінде “BolashaqBooks” кітап сөресі орнатылып, бүгінгі күнге дейін оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр. Енді жергілікті университеттің студенттері де өзара кітап алмасып, құнды әдебиеттерді оқи алады.

– “BolashaqBooks” “Болашақ” қауымдастығының ең үлкен жобасы болып табылады. Ел бойынша үш жыл бұрын қолға алынған жоба осыған дейін Орал, Петропавл және Нұр-Сұлтан қалаларында орнатылды. Мұндағы негізгі мақсат – халық арасында кітап оқуды насихаттап, қалаған әдебиетін тегін оқу мүмкіндігін беру, – деді Жұлдыз Жүнісова.

“BolashaqBooks” жастарды кітап оқу мәдениетіне шақырып, азаматтардың білім деңгейін арттыруға бағытталған. Әлеуметтік маңызы бар жоба биыл әрі қарай дамып, қоғамдық кітап сөрелері еліміздің әр өңірінде ашылады деп жоспарлануда. Онда жиырмадан астам библиографиялық аймақ орнатылмақ. Ал сөрелердің тұсаукесерінде танымал жазушылармен кездесулер ұйымдастырып, кітапқұмар азаматтар үшін бағалы сыйлықтар ойнатылатын байқаулар өткізіледі.

Жергілікті университеттегі қоғамдық кітап сөресінің ашылу салтанатына жиналған қауым “Tengricomics” басылымының негізін қалаушы, “Золотой воин. Томирис” комиксінің авторы Бекзат Мырзахметовпен кездесуге мүмкіндік алды. Авторға қызықтырған сұрақтарын қойған олар елімізде соңғы жылдары дамып келе жатқан тың жанр жайлы ақпараттармен қанықты. Аталған комикстің басты мақсаты қазақ фольклорындағы кейіпкерлерді заманауи, жастар арасында танымалдылыққа ие форматта көрсету болып табылады. Алматылық автордың айтуынша, қазіргі таңда жастардың басым көпшілігі комиксті, яғни суретті әңгімелерді оқығанды жөн көреді. Сол себепті баспа қазақтың батырлары мен хандары туралы жазылған жыр-дастандарды фэнтэзи жанрында бейнелеп, қағаз бетіне түсіру бүгінде үлкен сұранысқа ие. Бұл, ең алдымен, өскелең ұрпақтың өз тарихы мен салт-дәстүрін ұмытпауына сеп болмақ.

Жаңа қоғамдық сөреге қазақстандық авторлардың кітаптарымен қатар “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында мемлекеттік тілге аударылған әдебиеттер де қойылған. Мұнда келушілер үшін буккроссинг тәсілі қолданылады. Яғни, жастар орнына басқа кез келген әдебиетті қою арқылы ұнатқан кітабын тегін ала алады. Одан бөлек, кітап сөрелерінде ұялы телефондағы арнайы қосымшаны жүктеп алып, басылымдарды электронды форматта оқуға мүмкіндік беретін QR-код орналастырылған.

Диана ХАЛИМОВА,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің медиа орталығының бас редакторы.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика