ӨНЕРЛІ ӨРГЕ ЖҮЗЕР

“Би – адамның мінез-құлқын, ішкі жан-дүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі...” – деген екен Аристотель. Бүгінде бұл өнерді жақсы меңгеріп, өңіріміздің, еліміздің намысын үлкен сахналарда абыроймен қорғап жүрген жас бишілер мен өнер ұжымдары жетерлік. Жастардың дені заманауи билерге әуес екені жасырын емес. Сол өнерлі өрендердің бірі – аз уақытта көрерменнің көзайымына айналып үлгерген петропавлдық Ренат Ысырайылов жайлы әңгіме қозғамақпыз.

Талантты жігіттің басқа бишілерден артықшылығы – ол он алты жасына дейін ешқандай үйірмеге қатыспай, өзі жаттыққан. Одан кейін “Бруклин” би мектебіне барып, екі жылдан астам уақыт кәсіби жаттықтырушылардан тәлім алған Ренат бірден ортаға сіңісіп кету оңайға соқпағанын жеткізді. Алайда, биге деген құлшынысы өнерінің ашылуына септігін тигізді. Үш жыл бұрын “Electrobeatz” би тобын құрады. Заманауи би стильдерімен танымал топтың бағыты – “брэйк-дэнс”, “хип-хоп”, “кей-коп”, тағы басқа көше билері. Талантты жастар өңіріміздің намысын байқауларда абыроймен қорғап үлгерді.

Ренаттың отбасында өнерпаздар жоқ, негізінен экономика мамандығын меңгерген жандар. Өзі де мектеп қабырғасында оқып жүргенде түрлі стартап жобаларға қатысып, бизнес жоспарлар құрыпты. Бірнеше идеясы менторлардың қызығушылығын тудырып, жоғары бағаға ие болғанын да айта кеткен жөн. Облыс орталығындағы №1 гимназияны тамамдаған Ренат өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орнына түскен. Бимен кәсіби түрде айналысып жүргеніне қарамастан, Ренат оны қосымша табыс әкелетін еркін жұмыс санайды екен. Сондықтан экономист мамандығын меңгеріп, диплом алғаннан кейін осы бағытта жұмыс істемек.

Америкада кең тараған “флэксингті” үйреніп жүргеніне екі жылдай уақыт болған. Оның басқа билерден ерекшелігі – техникасы мен орындау мәнері ауыр. Сондықтан бұл өнерді меңгеру үшін Ренат Ысырайылов Қырғызстанға барып, белгілі бишілермен бірге жаттыққан.

Өткен жылы “Қырғызстанның ең беделді, талантты бишілерінің бірі Атай Өмірзақов жетекшілік ететін қырғызстандық танымал би тобынан хабарласып, қатарына қосылу туралы ұсыныс жасаған. “Electro Boogie” жанрында өнер көрсететін олар көптеген елдердегі би байқауларына қатысқан. “Өткен жылдың қазан айын Қырғызстанда өткізіп, топпен бірге түрлі билер әзірлеп, костюмдерімізді дайындадық. Румыниядағы таланттар байқауына қатысып, жартылай финалға жолдама алдық”, – деген Ренат қырғызстандық топтың құрамындағы алғашқы жетістіктерімен бөлісті.

Бұл байқаудың Ренат үшін маңызы – Америка Құрама Штаттарынан, Мәскеу, Корея, Израиль, тағы басқа елдерден келген өнерпаздармен жақын танысуы. Жастайынан Еуропаға баруды армандаған ол еңбектің арқасында кез келген шыңды бағындыруға болатынын дәлелдеді.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика