Балаларға пайдалы орталық

Атақты неміс экономисі Иозиф Шумпетер: “Кәсіпкер болу – басқаның істегенін істемеу”, деген екен. Елімізде кәсіпкерлікті дамытуға, әсіресе, жастардың ойлағанын жүзеге асырып, өз ісін ашуына мүмкіндік жасауға баса назар аударылуда. Осы мақсатта қолға алынған “Бастау Бизнес” жобасының аясында жыл сайын мыңдаған адам кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, арнайы грантқа ие болуда. Әсіресе, ауылдық жерде кәсібін дамытып, жергілікті тұрғындарға қажетті қызметтерді ұсынудың маңызы зор. Осындай міндетті қолға алып, ауыл балаларының қосымша білім алуына мүмкіндік тудырып отырған жастардың бірі – Батырлан Шәкішев.

Айыртау ауданындағы Саумалкөл ауылында оқушыларға жазғы демалысын босқа өткізбей, ментальді арифметиканы меңгеріп, жылдам оқуға үйрету ісін қолға алған жас кәсіпкер аудан орталығында білім беру кешенін ашты. Кәсіпкерлікпен айналысу жөнінде шешім қабылдағанда қай саланы таңдау керектігі жөнінде көп ойланбапты. Өйткені, оның туған-туысқандарының дені – білім беру саласын дамытуға үлес қосып жүрген тәжірибелі педагогтар. Көп ұзамай ауыл балаларына пайдасы зор идеяны жүзеге асыру үшін облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгініп, “Бастау Бизнес” жобасы бойынша курста оқыды. Ойлағанын іске асыру үшін Батырлан 1,5 млн. теңге көлемінде жеке қаражатын жұмсаса, тағы 4 млн. теңгедей ақшаны ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несиеге алған.

– Балалардың бойында талант өте көп. Біздің міндетіміз – оны анықтап, ашу, жетілдіруге ықпал ету. Демалыс уақыты, жазғы каникулға қарамастан, білім беру кешеніне күніне елуден астам бала келді, – деген “Al-Farabi” білім беру кешенінің директоры Батырлан Шәкішев мектепке дейінгі және мектеп қабырғасындағы балалармен ғана емес, орта мектепті тамамдаған жастармен де жұмыс істейтіндерін жеткізді. Ал жоғары сынып оқушылары 11 жылдық білімін қорытындылайтын маңызды сынаққа дайындалуға мүмкіндік алды.

Жалпы ауданы 140 шаршы метрді құрайтын мекемеде балалардың білім алуы үшін жеті кабинет қарастырылған. Бұл жерде балалар кубик-рубикті жылдам жинап, ментальді арифметика, жылдам оқу, каллиграфия, шахмат, хореография бойынша дәрістерге қатысып, сәндік-қолданбалы өнердің де қыр-сырын меңгере алады.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика