“КЕРБЕЗДІҢ” СҰЛУЛАРЫ

Қазіргі таңда қазақтың ұлттық өнерін, музыкасын, төл аспаптарын дәріптеп, әлемге танытып жүрген әртістер, әсіресе, жас өнерпаздар мен ұжымдар жетерлік. Соның ішінде қазақтың киелі домбырасын, шертер мен қобызды бір арнаға тоғыстырған “Кербез” инструменталды триосының еңбегі айрықша. Қыздар ұлттық аспаптарымыздың ғажайып үнін біріктіріп қана қоймай, тыңдарманға тартымды, қызықты болуы үшін оған заманауи әр беруді де ұмытпаған.

Трионың құрамында шертер аспабының қыр-сырын жетік меңгерген Татьяна Букирова, киелі домбыраның құлағында ойнайтын Самал Асылбаева және шығармаларға қобыз арқылы үн қосып жүрген Айгүл Төлебаева бар. Татьяна Букирова мен Самал Асылбаева жергілікті жоғары оқу орнын тамамдаса, Айгүл Төлебаева Алматы қаласындағы консерваторияда білім алған. Қыздардың айтуынша, триоға жаңа өнерпаз қабылдау кезінде үміткердің бойына, түр әлпетіне, тұрысына, сахнада өзін-өзі ұстауына ерекше назар аударылады. Өйткені, трио “Кербез” деген атауына сай келіп, тыңдарманды баурап алуы аса маңызды.

Қазір жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, өңір жұртына танылып үлгерген топтың құрылуы аяқ астынан қабылданған шешім екен, әрі бастаманы өнерпаз қыздар көтерген. “Мұндай ой 2014 жылы облыстық филармонияда еш алаңсыз кезекті сахнаға шығу сәтін күтіп тұрғанда туындады. Артынан қыздармен егжей-тегжейлі сөйлесіп, өзара пікір алмасып, жоспар құра бастадық. Өйткені, елімізде домбыра, қобыз және баян, басқа аспаптардан құралған топтар болғанымен, шертер, домбыра және қобыздың үнін жарастыра білген трио жоқ. Сондықтан бір жағынан өзіміз қызығушылық танытып, “қалай болады екен?” деген ой келді. Бұл мәселені шамамен бір ай талқылап, ақылдасқаннан кейін заманауи стильде, әдемі, тартымды, ең бастысы, кәсіби трио құруға шешім қабылдадық”, – деген Татьяна Букирова облыстық филармонияның қолдауымен ойлағандары жүзеге асып, 2015 жылдың қаңтар айында концертте алғаш рет өнер көрсетуге мүмкіндік алғандарын айтты.

Трионың орындап жүрген шығармалары түрлі жанрда. Кей шараларда жеке өнер көрсетсе, кейде облысқа жақсы белгілі “Арай”, “Әдемі-ау”, “Алуа”, “Туған жер” сияқты би топтары олардың өнерін бимен айшықтап, сахнаның сәнін келтіреді. Сымбаты мен өнері келіскен қыздар бес жылдың ішінде түрлі қайырымдылық шараларының да басы-қасынан табылды. Соның ішінде қайырымдылық балдарынан тыс қалмай, дертке шалдыққан бүлдіршіндердің еміне қаржы жинауға атсалысты.

Уақыт өте келе трио репертуарын кеңейтіп, ауқымды шараларға қатысып, үлкен сахналарға да шыға бастайды. Соның ішінде, өткен жылы Бурабайда өткен қазақтың ұлттық аспаптары фольклорлық ансамбльдерінің фестивалі қыздарды шыңдай түсті. Сол жолы жақсы өнер көрсеткен трио қобыз кейпіндегі естелік сыйлыққа және арнайы дипломға ие болды. Сонымен қатар облыстық филармонияның Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары және “Әлқисса” фольклорлық оркестрлерімен бірлесіп, жұмыс істейді. Осылайша, оркестр құрамында Ресей Федерациясының Омбы, Қорған облыстарына, Қытай елінің Үрімші қаласына барып, қазақтың ұлттық аспаптарын дәріптеп, жергілікті жұртшылықтың қошеметіне ие болғанын атап өткен жөн.

Тағы бір айта кетерлігі, Татьяна Букирова карантин кезінде шертер аспабын меңгерген өнерпаздардың басын біріктіруге бағытталған онлайн-жоба әзірлеген. Бүгінгі таңда сол жобамен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, басқа да облыстардың 17 өнерпазы әлеуметтік желі арқылы бірлесіп өнер көрсетуде. Жоба авторының айтуынша, мұндай ой оған осыдан екі жыл бұрын, облыс орталығында “Гауһар тас” республикалық фестивалі кезінде келген. “Қазақтың киелі домбырасы мен қобызын, басқа да аспаптарды меңгерген өнерпаздар, әсіресе, жастар жетерлік. Ал шертер көне аспап болғандықтан, оны меңгергендер елімізде санаулы. Сондықтан бұл киелі, әдемі, сырлы аспапты тыңдарманға түрлі әдістер арқылы жеткізіп, дәріптеуге тиіспіз. Осылайша, кейінгі ұрпақтың қызығушылығын арттыруға үлес қосамыз деген үміттеміз”, – деді жоба авторы.

Алина НҰРТАЗИНА,

М.Қозыбаев атындағы

СҚУ-дің студенті.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика