ЖҮРЕКТІҢ ІСІ

Өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып келе жатқаны қуантады. Игілікті, мейірімділікті мақсат тұтқан осындай жандардың қатарында мен де бармын. Ерікті болу – мен үшін жай ғана жұмыс емес, көмекке мұқтаж, жалғызбасты, егде жастағы, мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып, жан жылуымен бөлісу. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін біз аптаның қай күні немесе қандай ауа райы екеніне де қарамаймыз. Өйткені, ерікті қашанда жақсылық жасауға асығып, адамдардың өмірін жарықтандырып, қуанышқа, мейірімге толтыруға тырысады.

Өңіріміздегі жалғыз жоғары оқу орны – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде “Жалпы медицина” мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Басқа факультеттерге қарағанда, дәрістеріміз жиі әрі болашақ дәрігер ретінде бізге жүктелетін міндет, жауапкершілік те ауыр болғанына қарамастан, сабақтан тыс уақытымды босқа өткізгім келмейді. Осылайша, оқу орнындағы студенттік ұйымның арқасында жақсылыққа жаны құмар еріктілердің қатарына қосылып, бұл іспен үш жылдан бері айналысып келемін. Түрлі жастағы азаматтарға, әсіресе, балаларға шама-шарқымша көмегімді көрсетіп, уақытымды солармен өткізуге тырысамын. Көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында әртүрлі іс-шаралар ұйымдастыруды да ұмытпаймыз.

Өкінішке қарай, “Еріктілер жылы” еліміз үшін қиындықтарға толы болды. Алайда, достарым осынау қиын кезеңде де ерлік танытып, көмекке мұқтаж жандардың жанынан табыла білді. Олармен бірге егде жастағы жалғызбасты адамдардың үйлеріне барып, алғашқы қажеттіліктеріне жарайтын заттар, азық-түліктер жеткізіп беруге тырыстық. Біз үшін еңбегіміздің басты өтеуі – сол азаматтардың жүрегінен шыққан шынайы алғысы, егде жастағы қарияларымыздың батасы. Сондықтан алдағы уақытта да осындай шаралардан, ізгі істерден қалыс қалмай, қоғамға қандай да болсын пайдамды тигізуден аянбаймын.

Ерікті атануға деген қызығушылық, ынта айналадағы адамдарға жақсылық жасасам деген тілектен туады емес пе? Сондықтан еріктілік – жүректің ісі. Жанымдағы достарым, қатарластарым, жоғары оқу орнындағы топтастарымның да осындай игі істерден қалыс қалмай, қолынан келгенше мұқтаждарға демеу болып жүргенін көргенде, көңілім орнына түседі. Өйткені, бұл қасиетті, ең алдымен, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру арқылы ғана болашақ қоғамды дұрыс жолға салып, тәрбиелей аламыз деп ойлаймын.

Анель АХМЕТОВА,

ерікті.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика