Қастерлі мамандық

Дәрігер мамандығы қашанда қастерлі. Науқастар өз өмірін сеніп тапсыратын ақ халатты абзал жандардың мойнына жүктелетін жауапкершілік те ауыр, жұмысы да ауқымды. Осынау мамандыққа бар өмірін арнап, талай жанның алғысына кенелген тәжірибелі дәрігерлермен қатар, аталған саланы меңгере бастағанына көп уақыт болмаса да, табысты еңбек етіп жүрген жастар да жетерлік. Әлемді жайлаған қауіпті індетпен күн-түн демей күрескен дәрігерлердің еңбегі ақталып, жақында ерекше құрметке ие болған еді. Бұл мақаламызда сол абзал жандардың бірі, облыс әкімінің қолынан “Құрмет” орденін алған №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Абылайхан Баяндин жайлы айтпақпыз.

Жас болса да, өз ісінің нағыз маманы атанып үлгерген Абылайхан Баяндин төрт жылдан бері №3 қалалық емханада жұмыс істейді. Дәрігерлік жолда табысты болуына ұзақ жылдар бойы осы салада аянбай еңбектеніп келе жатқан анасының да ақыл-кеңесі мен қолдауы септігін тигізді. Ал талапты жастың бұл саланы таңдауына кішкентайында өзінің басынан қиын жағдай өтіп, ауыр дертке шалдығуы түрткі болған екен. Дәрігерлер Петропавл қаласындағы облыстық балалар ауруханасының нефрология бөліміне ауыр халде түскен тоғыз жасар баланың өмірін құтқарып қалу үшін екі ай бойы күрескен.

“Мені дертімнен айықтырып, бар көмегін аямаған нефрологдәрігер Вера Бочагованың еңбегі қандай мақтауға да лайық, алғысым шексіз. Сол кезде ол кісінің кәсіби шеберлігіне ғана емес, науқастарға деген мейірімділігіне, жылулығына да тәнті болдым. Осы жағдайдан кейін болашақта міндетті түрде мұқтаж жандардың өміріне араша болатын дәрігер атанып, қажет болған жағдайда оларға жан-жақты қолдау көрсетемін деп өз-өзіме серт бердім. Емдеу мекемесі қызметкерлерінің адал еңбегінің арқасында аурудан айыққаннан кейін де бірнеше жыл бойы осы аурухананың неврология бөлімінде оңалту курстарынан өтіп тұрдым. Сол кездері өз таңдауымның, алға қойған мақсатымның дұрыстығына тағы бір мәрте көзім жетті”, – деп еске алады Абылайхан Баяндин.

Орта мектепті Мағжан Жұмабаев ауданындағы Советское ауылында тамамдаған ол дәрігер болуды өмірлік мақсатына айналдырды. Барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, елордадағы медициналық университетке оқуға түседі. Төрт жыл бұрын қолына диплом алған ол Қызылжарға қайтып оралып, еңбек жолын №3 қалалық емханада бастаған, күні бүгінге дейін осы мекемеде еңбек етіп келеді. Жалпы тәжірибе дәрігері ретінде емдеу мекемесінің ғана емес, өңіріміздегі денсаулық сақтау саласының дамуына өзіндік үлесін қосуда.

“COVID-19” пандемиясымен күрес кезінде дәрігерлерге ерекше міндет жүктелгені белгілі. Коронавирусқа қарсы күресте медицина саласы қызметкерлері алдыңғы шепте жүрді. Карантин шаралары жарияланған кезде Абылайхан Дүйсембайұлы №1 қалалық ауруханада ашылған провизорлық стационарға уақытша қызмет етуге жіберілді. Арнайы дайындықтан өткеннен кейін өз міндетін атқарып, талай жанның дертіне дауа таба білді. Науқастардың жағдайын қадағалап, олардың емделіп шығуына үлес қосты. Осынау қиын кезде міндетін орындау үшін өз өміріне төнген қауіпке де қарамады. Тәулік бойы демалмай жұмыс істеген кездер де болды. Дегенмен, жоғары кәсіби шеберлік пен өзара ынтымақтастықтың арқасында небір қиындықтарды жеңіп шықты.

Провизорлық орталықтағы жұмысын сәтті атқарған жас маман бірқатар уақыт үй карантинінде отырды. Көп ұзамай өзінің емханадағы негізгі қызметіне кіріскен Абылайхан Баяндин жақында өзінің алғы шептегі әріптестеріне қайтадан көмекке келгенін айта кеткен жөн.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика