ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН

Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласының барлық ресурсы коронавируске қарсы күрес шараларына бағытталды. Өңір дәрігерлері инфекциялық, провизорлық стационарларда күні-түні еңбек етті. Осындай қиын кезде өз ісін жетік білетін Гулия Молдажанова сынды ақ халатты абзал жандар науқастардың өмірін құтқаруда барын салды. Олар – бүгінгі күннің батырлары.

Қауіпті індетпен күрес шараларына тайыншалық дәрігерлер де бір адамдай атсалысуда. Жауапты кезеңде алғы шептен табылған ақ халаттылар бүгінде алғысқа бөленуде. Өз өмірлеріне төніп тұрған қауіпке қарамастан, науқастарға көмек көрсетіп, сын сағатта сыналған Гулия Молдажановадай тәжірибелі дәрігерлерге зор сенім артылуда. Гулия Фанисовна – Целиноград медициналық институтының түлегі. Отыз жылға жуық медицина саласының ыстығына күйіп, суығына тоңған білікті дәрігер, шебер ұйымдастырушы бүгінде Тайынша ауданына қарасты Келлеровка ауылдық амбулаториясына басшылық етеді. Ұжымда үш дәрігер, он екі медбике бар. Шағын болса да, ұжымның бірлігі мен берекесін келтіріп отыр. Дәрігерлер тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсе­ту үшін барын салады.

Қауіпті індет өршіген тұста Келлеровка ауылдық амбулаториясында провизорлық стационар ашылып, 149 науқас ем алды. Бүгінде науқастардың көбі дертінен айығып, ауруханадан шықты. Қазір провизорлық стационарда санаулы адамдарға медициналық көмек көрсетілуде.

Қандай жағдай болса да дәрігер науқастардың өмірі үшін алаң. Кейде мұңайып, артынша қуанатын кездер болады. Әрбір жанның жүрегіне жылу сыйлауды мақсат еткен Гулия Молдажанова үшін науқастың сауығып кеткенінен асқан бақытты сәт жоқ. Жұмыста ғана емес, отбасы­ның да жылуын келтіріп, сүйікті жар, аяулы ана атанған ақ халатты абзал жаннан өнеге алған ұл-қызы да дәрігер мамандығын таңдап, отандық медицина саласының дамуына үлес қосуда.

Гүл НҰРАЛИНА.

Тайынша ауданы.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика