ТҰМАУДЫ КОРОНАВИРУСТАН ҚАЛАЙ АЙЫРАМЫЗ?

Елімізде пандемия қаупі әлі сейілмей тұр. Сондықтан азаматтар денсаулығына ерекше мән беріп, тұмаудан, басқа да вирустық аурулардан қорғануы керек. Тұмауға қарсы екпе егу биыл әдеттегіден екі апта ерте басталды. Бұл жайлы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова мәлімдеп, тұмау мен коронавирус инфекциясының белгілері жайлы айтты.

Тұмауға қарсы екпені уақытында алу ауруға қарсы иммунитетті қалыптастырып, түрлі дерттерге шалдығудың алдын алуға мүмкіндік береді. Департамент мамандарының мәліметіне сәйкес биыл эпидемиялық маусым кезінде өңірімізде тұмауға шалдығуға қатысты 434 жағдай орын алды. Оның 68,4 пайызы “А” типті тұмауға жатады. “Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға қарсы екпе шараларымен тұрғындардың он пайызын қамтуға кеңес берді. Жыл сайын бұл көрсеткіш облыс бойынша 10,7 пайызды құрайды. Биылғы маусымда 52 млн. теңгеге ресейлік “Гриппол плюс” екпесі сатып алынды”, – деген Татьяна Горлова “А” және “В” типті вирустар тез мутацияға ұшырап, жыл сайын өзгеріп отыратынын айтты. Салдарынан адамның иммундық жүйесі әр маусым сайын жаңа, вируспен күреседі. Тұмау өршитін күз мезгілінде вирусқа қарсы екпе алу қажеттігі де осы себептен туындайды.

Екпе егілгеннен кейін 8-12 күн аралығында әсер беріп, келесі маусымға дейін сақталады. Оны алты айлық балаға да қоюға болады. Бірақ қандай да бір дертке шалдыққан немесе созылмалы аурулары асқынған адамға екпе қауіпті. Департамент басшысының орынбасары өңірімізде 8,2 мың медицина қызметкеріне, емдеу мекемелерінде бақылауға алынған 4,1 мың балаға, алты айдан асқан, жиі ауыратын 5,2 мың өренге және балалар үйінің 804 тәрбиеленушісіне тегін екпе қойылатынын айтты. Бұл тізімде медициналық-әлеуметтік мекемелерде қызмет алушы 1,4 мың адам, 1081 жүкті әйел, жүрек-қан тамыры жүйесі және тыныс алу органдарының созылмалы дертіне ұшыраған 20,5 мың адам мен эпидемиялық көрсеткішке ие 18,4 мың кісі бар. Ал екпені ақылы негізде алғысы келетіндер тіркелген орны бойынша емханаға жүгінуі тиіс.

Баспасөз мәслихатының барысында Татьяна Горлова тұмау мен коронавирус инфекциясының ұқсас белгілері мен айырмашылықтарын түсіндірді. Қауіпті індет бастапқыда кәдімгі вирусқа ұқсағанымен, уақыт өте келе айрықша белгілері пайда болады екен. “Әдеттегі суық тию немесе жедел респираторлы вирустық инфекцияға шалдығу кезінде дене қызуы аса жоғары емес, түшкіру, тамақтың жыбырлауы, мұрын бітелу байқалады. Ал жоғары температура мен құрғақ жөтел коронавирус инфециясының белгілеріне жатады. Кейде шаршағандық, буындардың сырқырауы, тамақ, бас ауруы және ентігу болуы мүмкін. Қауіпті індетке тән белгілердің біріне дәм және иіс сезбеу жатады. Жедел респира­торлы вирустық инфекция 3-7 күнге созылса, коронавирус кезіндегі белгілер екі кейде, тіпті, үш аптаға дейін сақталады”, – деді Татьяна Горлова.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. тел: 500914

Яндекс.Метрика