Материалдар

ТАРАПТАР МҮДДЕСІ ТОҒЫСҚАН КЕЗДЕСУЛЕР

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов бастаған Солтүстік Қазақстан облысының ресми делегациясы жұмыс бабындағы сапармен Біріккен Араб Əмірлігіне барды. Біздің облыс делегациясының құрамында мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының, оқу орындарының өкілдері мен кәсіпкерлер болды. Жұмыс бабындағы сапар барысында бірқатар меморандумдарға қол қойылып, бизнес-форум өтті.

Сапар аясында облыс делегациясының мүшелері Фуджейра еркін экономикалық аймағының ірі кәсіпорындарын аралады. Сонымен қатар өңір басшысы Құмар Ақсақалов Фуджейраның билеушісі шейх Хамад бен Мұхаммед Əл Шаркимен кездесті. Қос тарап кездесуде әртүрлі салаларда тығыз әріптестік орнатуға ниет білдірді.

Солтүстік Қазақстан облысының делегациясы бірнеше бағыттар, оның ішінде өнеркәсіп, инновациялық қызмет, дәнді дақылдар экспорты мен тасымалдануы, мал шаруашылығы, туризм жобаларын жүзеге асыру және көліктік-логистикалық бірлескен торап құру бойынша тиімді экономикалық ынтымақтастық ұсына алды.

Кездесулер кезінде екіжақты құжаттарға қол қойылды. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысы мен Фуджейра әмірлігі арасында бауырластық байланыс орнату, облыстық кәсіпкерлік палатасы мен Фуджейра сауда-кәсіпкерлік палатасы, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен “Fujairah National Group” компаниясы, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Фуджейра университеті арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдар қабылданды.

Сапар барысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов бизнес-форумның жұмысына қатысты. Бизнес-форумда сөз сөйлеген Құмар Іргебайұлы облысымыз бен әмірліктің іскер топтар өкілдерінің осындай кездесулері мен келіссөздері екі тараптың жемісті әрі өзара тиімді әріптестігінің негізін қалайтындығын атап өтті.

Фуджейра – Біріккен Араб Әмірлігінің шығыс бөлігіндегі Оман шығанағын толық алып жатқан бірден-бір әмірлік. Бұл әмірлікте балық және ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп жақсы дамыған.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Add comment


Security code
Refresh

Біздің мекенжайымыз: 150000. Қазақстан Республикасы, Петропавл қаласы, К.Сүтішев көшесі, 7-үй. Газет поштасы: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Яндекс.Метрика